Отбасысы үшін азаматсыздықтың шынжырын үзу
Отбасысы үшін азаматсыздықтың шынжырын үзу
13 жасыңда куәлігіңнің жоғалуы мен анаңның мерзімі өткен төлқұжаты сені ондаған жылдарға негізгі құқықтарыңнан айырып, балаларыңның тағдырына әсер етеді деп ойламайсың. Бірақ дәл осы жағдай Натальяның басына тап болды.
Кеңес Одағында дүниеге келген Наталья 13 жасында анасымен бірге Қазақстанның оңтүстігіндегі Шымкент қаласына көшті. Жылдар бойы олар өздерін айналасындағы елдің қарапайым азаматтарындай сезінді.
Наталья 16 жасқа толғанда жеке куәлік алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінді. Ол үшін туу туралы куәлік пен анасының төлқұжатын көрсету қажет болды. Алайда куәлігі бұрыннан жоғалған, ал Кеңес Одағы ыдырағанының әсерінен анасының кеңестік төлқұжатын жаңарту мүмкін емес еді.
Сол кезде Наталья ащы шындыққа көз жеткізді: ол Қазақстанның да, басқа ешбір елдің де азаматы емес. Ол – азаматтығы жоқ тұлға.
Құқықсыз өмір
Азаматтығы жоқ адамдар заң жүзінде ешбір мемлекетке тиесілі емес. Олар білім алу, медициналық көмек, жұмысқа орналасу, еркін қозғалыс сияқты негізгі құқықтардан айырылып, қоғамдық өмірге белсенді араласа алмайды. «Құжатсыз қалай өмір сүруге болады? Ешқандай заң жоқ, ешқандай қорғаныс жоқ. Құжатсыз адам – ешкім емес», – дейді Наталья.
«Құжатсыз қалай өмір сүруге болады? Ешқандай заң жоқ, ешқандай қорғаныс жоқ. Құжатсыз адам – ешкім емес».
Орталық Азиядағы азаматтығы жоқ адамдардың көпшілігі – бұрынғы Кеңес Одағы азаматтары немесе олардың ұрпақтары. Ал кейбіреулері азаматтықты заңдағы олқылықтар, көші-қон немесе аралас некелер салдарынан иемденбеген. Азаматтықсыздық ата-анадан балаға өтіп, бірнеше ұрпаққа ұласуы мүмкін.
Құжатсыз Наталья жоғары білім ала алмады, жұмысқа да орналаса алмады, тіпті дәрігерге қаралу мүмкіндігі болмады. Осылайша оның күнделікті өмірі үздіксіз күреске айналды.
Азаматсыздықтың тұтас ұрпақтарға ықпалы
Наталья Владимирмен танысқанда, өмірі қайта жанданды. Біраз уақыт қиындықтар ұмытылғандай болды. Олар жаңа өмір бастады, жарқын болашаққа бірге ұмтылды.
Бірақ азаматтықты растайтын құжаттарсыз Наталья мен Владимир үнемі кедергілерге тап болды. Некесін қидыру да, балаларының тууын тіркеу де мүмкін болмады.
Нәтижесінде азаматтықсыздық балаларына өтті. Натальяның тоғыз баласы азаматтығы жоқ болып туылып, ешқандай құқықтар мен қызметтерге қол жеткізе алмады.
Құқықтық қолдау
Жас отбасы үшін қиындықтар таусылмады. Наталья ресми түрде жұмыс істей алмады, отбасында тұрақты табыс болмады. Тұрмыстары да ауыр болды – көпбалалы отбасы кішкентай үйде тұрды, әлеуметтік көмектерге де қол жеткізе алмады. «Тек ұсақ жұмыстар істедім – бір жерде сыпырып, кафеде тазалық жасап дегендей», – дейді Наталья. Бірақ бұл отбасыға жеткілікті болмады.
Бір күні Наталья азаматтық мәртебесі анықталмаған адамдарға тегін құқықтық көмек көрсететін ұйым туралы естіді. Бұл – UNHCR серіктесі «Сана Сезім» Әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» болатын. Бастапқыда сеніммен қарамаса да, көмек сұрап баруға бел буды.
Және солай істегеніне өкінген жоқ.
«Сана Сезім»-нің заңгерлерінің көмегімен Наталья құжаттарын қалпына келтіріп, азаматтығы жоқ екенін ресми түрде растады. 2020 жылы ол азаматтығы жоқ адам ретінде тіркеліп, 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алды.
Отбасы – ең бастысы
Жиырма жыл құжатсыз өмір сүрген Наталья балаларын азаматтықпен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Ол өз перзенттерінің беймәлімдік пен қиындықты көрмей, жарқын өмір сүруін аңсады.
«Бірінші кезекте – балаларымның туу туралы куәліктерін реттедім. Бірден!» – дейді ол. «Мен Қазақстан азаматы әрі ана екенімді нақтылап айттым».
Бүгінде Наталья мен оның балалары мектепке бара алады, медициналық көмек ала алады, жұмыс істей алады, әлеуметтік көмектерге қол жеткізе алады.
Тоғыз баланың анасы ретінде Наталья Қазақстан Республикасының көпбалалы аналарға берілетін құрметті марапаты – «Алтын алқа» иегері атанды.
«Азаматтық алған соң, шын мәнінде көбірек мүмкіндіктер пайда болды. Мені бірден көпбалалы ана ретінде байқады», – дейді ол.
3тен1: Азаматтықсыздықты шешу
Соңғы он жылда UNHCR қолдауымен Орталық Азия елдері 220 000-нан астам адамның азаматтығын растауға немесе алуға көмектесті. Бүгінде дүние жүзінде белгілі азаматсыздықтың әрбір үшінші жағдайы Орталық Азияда шешілген.
2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 7 866 азаматтығы жоқ адам ресми тіркелген.
Қазақстан азаматтығы жоқтықты жою бағытында маңызды қадамдар жасады. Соның бірі – Неке және отбасы кодексіне өзгерістер енгізіп, ел аумағында туған барлық балалардың тууын тіркеу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
2020 және 2024 жылдары UNHCR мен оның серіктестері – «Сана Сезім» және Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросының қолдауымен Көші-қон қызметі комитеті азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша ұлттық ауқымды науқандар жүргізді.
2024 жылы Қазақстан өңірдегі басқа мемлекеттермен бірге Орталық Азияда азаматтығы жоқтықты жою туралы Ашхабад декларациясына қол қойды.
UNHCR Қазақстанның азаматтықсыздық туралы екі БҰҰ конвенциясына қосылуын және құқықтық реформалар мен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы бұл мәселені шешу жолындағы жұмысты жалғастыруын қолдайды.
Бүгінгі таңда көптеген гуманитарлық ұйымдар сияқты UNHCR да жаһандық қаржыландырудың қысқаруымен бетпе-бет келіп отыр. Донорлардың қолдауынсыз UNHCR мен оның серіктестері Натальяның отбасы сияқты отбасыларға азаматтық алуға көмектесе алмайды, сондай-ақ үкіметтердің азаматтықсыздықты жою жөніндегі күш-жігерін қолдай алмайды. UNHCR ең осал адамдарды қорғау мен қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр және осы маңызды бағдарламаларды жалғастыру үшін донорлар мен жеке сектордың қолдауына жүгінеді. Қаржылай қолдау – отбасылардың тірегі. Мықты отбасы – мықты қоғам.