UNHCR Орталық Азия бойынша жаңа Өкілін қарсы алды
UNHCR Орталық Азия бойынша жаңа Өкілін қарсы алды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігі (UNHCR) Махир Сафарлидің Орталық Азия бойынша UNHCR Өкілі қызметіне кіріскенін хабарлайды. Алматы қаласында орналасқан өңірлік кеңседе жұмыс істей отырып, ол UNHCR-дің Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы қызметін үйлестіретін болады.
21 қаңтарда Астанада Махир Сафарли Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Алдағы кезеңде жаңа Өкіл Орталық Азия елдерінің үкіметтері мен серіктестерімен өзара қарым-қатынасты нығайту және босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қолдау мақсатында кездесулерді жалғастырады.
Махир Сафарли UNHCR жүйесінде 23 жылдан астам гуманитарлық тәжірибеге ие. Ол күрделі қоныс аудару жағдайлары мен төтенше гуманитарлық ахуалдарда басшылық қызметтер атқарған. Орталық Азияға тағайындалғанға дейін Грекия мен Украинада UNHCR Өкілінің орынбасары болып жұмыс істеді, бұған дейін Сирия мен Түркияда жоғары деңгейдегі операциялық және үйлестіру лауазымдарын атқарған.
Еңбек жолының бастапқы кезеңінде ол Ауғанстан, Ливия, Украина, Қырғыз Республикасы, Либерия және Әзербайжандағы UNHCR операцияларында түрлі қорғау және басқару қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Женевадағы штаб-пәтерде жұмыс істеп, инспекциялық қызмет пен стратегиялық қадағалау бағыттарына үлес қосты.
Жаңа қызметінде Махир Сафарли Орталық Азияда қорғау жүйесін нығайту, пана беру рәсімдерін дамыту және азаматсыздық мәселесін шешу жөніндегі мәселелермен жұмыс жасайтын болады.
«Орталық Азияда жұмысымды бастау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – бай мәдени мұрасы мен алуан түрлі қауымдастықтары бар, босқындарға деген қонақжайлығымен және азаматсыздық мәселесін шешудегі көшбасшылығымен танылған өңір», – деді Махир Сафарли. «Үкіметтермен, серіктестермен және жергілікті қауымдастықтармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, пана беру жүйелерін нығайтуға, инклюзивтілікті ілгерілетуге және әрбір адамның қорғауға, құқықтарға және азаматтыққа қол жеткізуін қамтамасыз етуге ниеттімін».
Махир Сафарлидің құқық және мемлекеттік басқару салалары бойынша магистр дәрежелері, сондай-ақ саясаттану бойынша бакалавр дәрежесі бар. Бұдан бөлек, ол халықаралық адам құқықтары құқығы, халықаралық гуманитарлық құқық және қақтығыстардың алдын алу салаларында біліктілікті арттыру бағдарламаларынан өткен.
UNHCR-дің Орталық Азиядағы Өкілдігі Алматы қаласында орналасқан және Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы аумағындағы қызметті үйлестіреді. UNHCR Орталық Азияда өз кеңселерін 1992–1993 жылдардағы Тәжікстандағы азаматтық соғыс пен Ауғанстанның солтүстігіндегі қақтығыстардың салдарынан мыңдаған адамның қоныс аударуына байланысты ашқан. Кейін жағдайдың тұрақтануына және қоныс аудару ағындарының азаюына қарай, UNHCR төтенше жағдайлардан қолдау көрсету мен әлеуетті нығайтуға бағытталған қызметке көшті.
Орталық Азияда азаматтығы жоқ адамдардың едәуір саны өмір сүрді, бұл негізінен 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауымен байланысты. Құқықтық мәртебесінің болмауына байланысты азаматтығы жоқ адамдар білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және еркін жүріп-тұру еркіндігі сияқты негізгі құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуде қиындықтарға тап болады.
UNHCR-дің ұлттық кеңселері Бішкек қаласында (Қырғыз Республикасы) және Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) жұмыс істейді. UNCHR Термездегі жаһандық қоймасы Өзбекстанның Термез қаласында орналасқан.